Бүгін Мәжілісте Вице-спикер, «Нұр Отан» партиясы Фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаеваның төрағалығымен биылғы алғашқы фракция жиналысы өтті.
Отырыстың тақырыбы - «Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында алғашқы медициналық санитарлық көмек қызметінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру туралы (сырқатты басқарудағы жаңа әдістер енгізу)».
Фракция жетекшісі Гүлмира Исимбаева өзінің кіріспе сөзінде партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаев төртінші сессияның ашылуында және де жыл сайынғы Жолдауында алқашқы медициналық санитарлық көмекке (АМСК) қолжетімділікті, әсіресе, ауылдық жерлерде әрі қарай арттыру бойынша айқын және нақты тапсырмалар бергенін атап өтті.
Вице-спикер заң шығарушылардың және үкіметтің осы бағытта бірқатар жұмыс атқарғанын да тілге тиек етті. Денсаулық сақтау мәселелері туралы заң қабылданып, онда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің жаңа моделі заңнамалық тұрғыдан бекітілді. АМСК-ны қаржыландыру көлемі ұлғаюда. Енді алғашқы медициналық қызметтердің қажетті көлемімен еліміздің барлық тұрғындарын толыққанды қамтамасыз етіп, тең қолжетімді болуы үшін ұйымдастырушылық, экономикалық және практикалық шаралар кешені қажет.
Гүлмира Исимбаева бүгінгі таңда 1900-ден аса ауылдық елді мекен алғашқы медициналық санитарлық көмекпен толық қамтылмағанына ерекше назар аударды. Бұдан басқа, 37 ауылдық елді мекенде жақын маңдағы медициналық пунктке дейінгі арақашықтық 30-дан 180 километрге дейін, ал белгіленгені - 5 шақырым. Осыған байланысты фракция жетекшісі медициналық ұйымдар жүйесін дамытудың инфрақұрылымдық жоспарын әзірлеуді ұсынды.
Сонымен қатар, вице-спикердің айтуынша, денсаулық сақтау ұйымдары жүйелерінің нормативтерін қайта қарап, ауылдағы тұрғындар саны ғана емес, елді мекендердің бір-бірінен алшақтығы, географиялық және табиғи-климаттық факторлары ескерілу қажет.
Сонда ғана барлық тұрғындарға медициналық көмек қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ете алатындығын айтқан Гүлмира Исимбаева медициналық ұйымдар жүйесін дамытудың инфрақұрылымдық жоспарын пысықтау қажеттігіне тоқталды.
Жиналыста алғашқы медициналық санитарлық көмек сапасын жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ляззат Ақтаева баяндады.
Отырыс барысында депутаттар - фракция мүшелері Зәуреш Аманжолова, Құралай Қаракен, Гүлнар Бижанова, Мұрат Теміржанов, Ирина Унжакова, Кәрібай Мұсырман, Нұртай Сабильянов, Абай Тасболатов, Омархан Өксікбаев алғашқы медициналық санитарлық көмек жүйесін әрі қарай жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда, денсаулық сақтау ұйымдары жүйелерінің нормативтерін географиялық және табиғи-климаттық факторларын ескере отырып қайта қарауды, АМСК шеңберінде медициналық қызметтердің оңтайлы тізімін қабылдауды, денсаулық сақтау объектілерінің бірыңғай картасын пысықтауды, автомобиль жолдарын денсаулық сақтау объектілеріне икемдеп салуды, ауылдық жерлерде жедел жәрдем автомобильдерді жаңарту бойынша шаралар қабылдауды ұсынды.
Іс-шара қорытындысы бойынша алғашқы медициналық санитарлық көмек қызметінің сапасын арттыру мен қолжетімділігін уақытылы қамтамасыз етуге байланысты бірқатар министрлік пен жергілікті атқарушы органға ұсынымдар тапсырылған фракция қаулысы қабылданды.